СҚО-да ауыл тұрғыны үйінде қару-жарақ сақтағаны үшін 5 жылға сотталып кетуі мүмкін
Облыстық Полиция департаменті осыған қатысты түсініктеме берді

СҚО-ның Есіл ауданында полиция қызметкерлері 44 жастағы тұрғынның үйінен ірі қару-жарақ арсеналын тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, оның үйінен «СКС» иір ұңғылы карабинін, тіркелмеген «ИЖ-К» тегіс ұңғылы мылтығын және аңшылық патронмен атуға болатын қолдан жасалған қаруды тапты. Сондай-ақ ер адамда ұсақ калибрлі винтовканың ұңғысы мен бекітпесі, тегіс ұңғылы мылтықтың ұңғысы мен түрлі калибрлі 700 патрон сақталған.
«Барлық үлгілер тәркіленіп алынды, олар бойынша сараптама тағайындалады. Иір ұңғылы қаруды сақтау фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Ер адамның түрлі аңдар мен құстарды аулауға мүмкіндік беретін осындай жиынтықты қайдан алғанын тергеу анықтайтын болады.
Күдіктіге 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ірі айыппұл салынуы немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тәртіп сақшылары заңсыз сақталған қаруды өз еркімен тапсыру ғана қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босататынын еске салады», - делінген Полиция департаментінің хабарламасында.