Медициналық сақтандыру қорының жаңа басшысы тағайындалды
Ол еңбек жолын жеке секторда бастап, басшылық қызметтер атқарған

Медициналық сақтандыру қорының жаңа төрағасы болып Айдын Құлсейітов тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қор ұжымына жаңа басшыны таныстырды.
Айдын Құлсейітов Өскемен қаласында дүниеге келген. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «Инженер-экономист», сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясын «Мемлекеттік басқару менеджері» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын жеке секторда бастап, басшылық қызметтер атқарған. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, Индустрия және сауда министрлігінде, Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде жұмыс істеді. Сонымен қатар «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ басқарма төрағасы қызметтерін атқарды.
2017 жылдан бастап ҚР Президенті Әкімшілігінде басшылық қызметтерде болды. Бұған дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды, онда әлеуметтік саясат және реформалар бағытымен айналысты.