$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Алматы облысында 1,6 млрд теңге ұрлаған білім бөлімінің бухгалтерлері ұзақ жылға сотталып кетті

Антикор олардың қанша жыл арқалап кеткені туралы хабарлама таратты

Алматы облысында 1,6 млрд теңге ұрлаған білім бөлімінің бухгалтерлері ұзақ жылға сотталып кетті
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Сарқан ауданы бойынша білім бөлімінің бас бухгалтері 1,6 млрд теңге бюджет қаражатын ұрлаймын деп 8 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Антикор мәліметінше, Талдықорған қалалық соты «Сарқан ауданы бойынша білім бөлімі» ММ бас бухгалтері К. Құрманғалиеваға, сол бөлімнің бухгалтерлері А. Мұратова мен А. Қалабаеваға, «Қазпошта» АҚ аудандық учаскесінің бастығы А. Такенге, «Айдана» бөбекжай-бақшасы меңгерушісінің м.а. Н. Балғабаеваға және Жетісу облысы ІМАБ камералдық бақылау бөлімінің басшысы У. Жапабаевқа қатысты үкім шығарды.

«Құрманғалиева, Қалабаева, Мұратова және Такен білім бөлімі қызметкерлерінің шоттарына белгіленген жалақыдан артық аудару жолымен 1,6 млрд теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Балғабаева, Қалабаева балабақшада аудит жүргізбеу сылтауымен олардың ақшалай қаражатын иемденген Жапабаевқа пара беруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды.

Құрманғалиеваға 8 жылға, Қалабаеваға, Мұратоваға және Такенге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал Балғабаева мен Жапабаевқа тиісінше 1,2 млн теңге және 1 млн теңге айыппұл салынды.

Сонымен қатар, сотталғандар мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойы айырылды», - делінген Антикор хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында Іле ауданының білім бөлімінің басшысы 680 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары