«Қамауға алынды»: Алматы облысында білім бөлімінің басшысы 680 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдіктелді», - делінген Антикор хабарламасында.
Сонымен қатар ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген
«Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», - делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.