Қазақстанның оқушылары Қытайдың жетекші университетінде білім алатын болды
Түлектерге оқу ордасы шәкіртақы да төлейді

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі Шэньчжэнь қаласындағы Гонконг Қытай университетімен ынтымақтастық орнатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ынтымақтастық туралы меморандумға NIS басқарма төрағасының орынбасары Сабыржан Сәдуақасов пен CUHK-Shenzhen университетінің академиялық байланыстар кеңсесінің директоры Пол Ке қол қойды.
Келісім аясында CUHK-Shenzhen университеті NIS түлектеріне екі толық бакалавриат шәкіртақысын тағайындады. Қазір NIS түлектерінің дипломдарын Қазақстандағы 24 және шетелдегі 69 жоғары оқу орны қабылдайды. Бұл түлектерге әлемдік деңгейдегі алдыңғы қатарлы оқу ордаларына түсуге мүмкіндік береді.
CUHK-Shenzhen университетінің жетістіктері:
- – QS World University Rankings 2025 жаһандық рейтингінде 36-орынды иеленген;
- – Кампустары Шэньчжэнь және Гонконг қалаларында орналасқан;
- – Оқыту үдерісі халықаралық білім беру стандарттарына сай ағылшын тілінде жүргізіледі;
- – Университетке түсуші талапкерлер – Қытай мектептерінің үздік 0,5–1% түлектері.
Сондай-ақ NIS өкілдері CUHK-Shenzhen университетінің академиялық бағдарламаларымен, студенттерді қолдау жүйесімен, халықаралық алмасу мүмкіндіктерімен және түлектерге арналған мансаптық бағыттарымен танысты.
Сапар барысында цифрландыру мен жасанды интеллект дамыған қазіргі замандағы білім берудің болашағына қатысты пікірталастарға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар CUHK-Shenzhen университетінде білім алып жатқан NIS түлектерімен кездесу өтіп, олар өз оқу тәжірибелерімен бөлісті.
«CUHK-Shenzhen университетімен орнаған ынтымақтастық NIS-тің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, оқушыларға әлемнің үздік жоғары оқу орындарының біріне түсуге бірегей мүмкіндік береді», - дейді Сабыржан Сәдуақасов.