$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
01.06.2020, 02:10
Жаңалықтар

Қазақстанда әскерилер зейнетақы қорындағы жинағын тұрғын үй алуға жұмсауы мүмкін

Тиісті өзгеріс 2020 жылдың қазанында Үкіметтің қарауына енгізілмек

Қазақстанда әскерилер зейнетақы қорындағы жинағын тұрғын үй алуға жұмсауы мүмкін
Фото: ашық дереккөзден

1998 жылдан кейін қызметке шақырылған және 2016 жылға дейін қызметтен босатылған әскери қызметшілерге зейнетақы қайта есептеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қорғаныс министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру үшін және оларды әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылау үшін Қорғаныс министрлігінің Зейнетақымен қамтамасыздандыру орталығы  бастама жасап, жиын өткізген.

Жиынға Зейнетақымен қамсыздандыру орталығының басшылығы, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігі  мен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысқан.

Қатысушылар қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгертулер енгізу жөніндегі ұсыныстарды талқылаған.

«Біріншіден, 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін қызметке алғаш шақырылған және 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін қызметінен босатылған әскери қызметшілерге еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін қайта есептеу ұсынылады. Бұл ретте заңнамада белгіленген тәртіппен төлемдерді арттыру ескеріледі.

Екіншіден, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстан босатылған әскери қызметшілер мен әлеуетті құрылымдардың қызметкерлеріне зейнетақы жасына жету бойынша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау.

Үшіншіден, тұрғын үй сатып алу немесе білім алу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарының қалдықтарын пайдалану ұсынылды», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

Айта кетейік, елімізде 2016 жылдан бастап әскери қызметкерлер үшін басқа азаматтардың зейнетақы жүйесінен басқа тәртіп енгізілген. Қарапайым тілмен айтсақ, әскерилер қазір зейнетақы қорына төлем жасамайды, олар еңбек еткен жылына байланысты, зейнетжасына жеткенде басқа жүйемен зейнетақы алады. Егер жоғарыда айтылған ұсыныстар мақұлданса, әскерилер 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін жинаған зейнетақы жинақтарын пайдалана алады деген сөз.

Әзірленген ұсыныстар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жөнелтілді. Заң жобалау жұмыстарының жоспары бойынша құжат қазан айында Үкіметтің қарауына енеді.

Серіктес жаңалықтары