СҚО-ның бірнеше ауданында тұрғындар суға үш есе қымбат ақша төлеп келген
Прокуратура заңсыз әрекеттерді анықтады

Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында тұрғындар суға үш есе қымбат баға төлеп келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Солтүстік Қазақстан облысында Айыртау, Қызылжар, М Жұмабаев, Мамлют, Тайынша аудандарының табиғи монополиялар субъектілері тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына қайшы, кәсіпкерлерден олардың тұтынушылардың екінші тобына (заңды тұлғалар) жатқызылғанына қарамастан, 2019 жылдан бастап бюджеттік ұйымдар ретінде тұтынылған сумен жабдықтау үшін негізсіз ақы алған.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды, сумен жабдықтауға арналған тарифтер кәсіпкерлік субъектілері үшін жеке топты енгізу жолымен сәйкес келтірілді.
«Қызылжар ауданында қабылданған шаралар нәтижесінде бизнес үшін су тарифі 1017,63 теңгеден 343,41 теңгеге немесе 66%-ға дейін төмендетілді.
Сол сияқты Мамлют (787,72 теңгеге немесе 59,7%-ға), М.Жұмабаев (30 теңгеге немесе 2,7%-ға), Тайынша (2,48 теңгеге немесе 0,3%-ға) аудандарында тарифтер төмендетілді.
Жыл басынан бері прокуратура актілері бойынша барлығы 5 мыңнан астам тұтынушының (оның ішінде 357 кәсіпкердің) құқықтары қорғалды», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.