«Жалпы шығын — 2 млн теңге»: Оралда пәтер тонаушылар тобы ұсталды
Топ төрт адамнан тұрады

Батыс Қазақстан облысында бірнеше ай бойы тұрғындарды әбігерге салған ұрылар тобы қолға түсті. Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында пәтер тонаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті полицияның назарына ілігіп, арнайы операция барысында олар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ұрылар үйлерге пластик терезелерді күштеп ашу арқылы кірген. Олар көбіне кешкі және түнгі уақытта, иелері жоқ кезде қылмыс жасап отырған. Негізінен ақшалай қаражат пен алтын бұйымдарды қолды қылған.
«Оперативтік-іздестіру шаралары барысында төрт күдікті ұсталды. Олардың үшеуі бұрын да ұрлық, тонау және алаяқтық бойынша бірнеше рет сотталған екен. Күдіктілерден ұрланған заттардың бір бөлігі тәркіленіп, оларды сатпақ болған орындар анықталды», — делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, зардап шеккендердің жалпы шығыны 2 миллион теңгеден асқан. Қазіргі уақытта ұрылар тобы уақытша қамауға алынып, кемінде үш пәтер ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.