Ақтөбеде қаза тапқан жұмысшылардың отбасына 10 млн теңгеден беріледі
Кеше Ақтөбе хром қосындылар зауытында 4 адам қаза тауып, екі адам ауыр жарақат алған еді
Ақтөбеде қаза тапқан жұмысшылардың отбасына 10 миллион теңгеден беріледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Еуразия» телеарнасына сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Камиевтың айтуынша, қазір кінәлі адамдарды анықтау үшін комиссия жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылардың өлім себебі сот-медицина сараптамасынан кейін белгілі болады. Ал Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының айтуынша, қаза тапқан жұмысшылардың отбасына материалдық көмек көрсетіледі.
«Облыс әкімі бұл жағдайды бақылап отыр. Біз зауыт басшылығына әр жұмысшының отбасы туралы ақпарат жинауды тапсырдық. Қаза тапқандардың отбасына 10 млн теңгеден беріледі. Әр жұмысшыға сақтандыру төлемі де төленеді. Қосымша ақпарат тергеу шараларынан кейін жарияланады. Кінәлілер заң алдында жауап береді», - деді Бекенов.
Естеріңізге сала кетсек, Ақтөбе хром қосындылар зауытының цехында төрт жұмысшы қаза тауып, екі адам ауыр жағдайда жедел жәрдем ауруханасына жатқызылған еді. Оқиға 50 текше бак ішіндегі тазалау жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасының бұзылуы салдарынан болған.