Әбден мезі етті: халықтың қытайлық автокөліктерге шағымы артты
Көлік сапасына қатысты түсірілген шағымның оннан бірі осы қытайлық тұлпарларға қатысты

Соңғы жылдары Қазақстанда қытайлық автокөліктердің танымалдығы артқанымен, олардың сапасына қатысты тұтынушылардың шағымдары да көбейіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2024 жылы Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне (ҚР СИМ ТҚҚК) және оның өңірлік департаменттеріне 63 шағым түсті. Бұл – бір жыл ішінде автокөліктерге қатысты тіркелген 112 шағымның шамамен оннан бірі.
Негізгі шағымдар:
- Қозғалтқыш қорабындағы ақау;
- Электроника мен салқындату жүйесіндегі кемшіліктер;
- Автокөлік сипаттамаларының көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі.
Комитеттің деректеріне сәйкес, кейбір тұтынушылар көлікті автосалонға қайтаруға мәжбүр болған. Басқа жағдайларда өңірлік департаменттердің араласуымен автосалондар ақаулы бөлшектерді өз есебінен жөндеуге немесе ауыстыруға міндеттелді.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері барлық өңірлерде автокөлік иелерінің мәселелерін шешуге атсалысты. Автосалондарға қатысты шағымдар жиі тіркелген өңірлер:
- Алматы (9 шағым) және Астана (6 шағым) – ең көп шағым тіркелген қалалар. Департаменттер сот процестеріне қатысып, келіссөздер арқылы дауларды шешуге көмектесті.
- Қостанай облысы (7 шағым) – әртүрлі маркаларға қатысты ең көп шағым тіркелген өңір. Көбінесе шағымдар мен сараптамалар жүргізуге көмек көрсетілді.
- Атырау (5 шағым) және Шымкент (5 шағым) – тұтынушыларға құқықтық көмек көрсетілді, жоспардан тыс тексерулер жүргізілді, кейбір жағдайларда қаржы қайтарылды.
- ШҚО (4 шағым) – бір тұтынушыға 7,04 миллион теңге қайтарылды.
- Павлодар облысы (4 шағым) – бір жағдайда сот арқылы 11 миллион теңге өндірілді.
- БҚО (4 шағым) – 7,1 миллион теңге тұтынушыға қайтарылды.
- Ақмола облысы (2 шағым) – қозғалтқышты ауыстыру және 9,99 миллион теңгеге дейінгі ірі сомаға қатысты мәселелер қаралды.
- Ақтөбе облысы (1 шағым) – сот шешімімен 16 миллион теңгеден астам қаржы, оның ішінде айыппұл және моральдық өтемақы өндірілді.
- Жетісу облысы (3 шағым) – 8 миллион теңгеге жуық сомаға көлік ақауы жөнделді.
- Қарағанды облысы (3 шағым) – тұтынушыларға шағым дайындауда құқықтық қолдау көрсетілді.
- Маңғыстау облысы (1 шағым) – тұтынушының шағымы қанағаттандырылды.
- Түркістан облысы (2 шағым) – мәселелер жазбаша өтініштер арқылы шешілді.
- СҚО (2 шағым) – бір көлік жөнделді, бір іс сотқа жіберілді.
- Ұлытау облысы (2 шағым) – даулар сотқа жетпей шешілді.
Қытайлық көліктерге қызығушылық артып келе жатқанымен, олардың сапасы мен қызмет көрсету мәселелері тұтынушылар үшін өзекті мәселе болып отыр.