$ 499.11  521.12  5.58
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«BI Group пен BAZIS-A салықтан жалтарған»: Қаржы министрлігі екі компанияның қанша кірісі төмендетілгенін айтты

Олар арнайы салық режимін төлем мөлшерін азайту үшін қолданған

«BI Group пен BAZIS-A салықтан жалтарған»: Қаржы министрлігі екі компанияның қанша кірісі төмендетілгенін айтты
Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстандағы ірі құрылыс компаниялары кірісін төмендетіп көрсетіп, салық төлеуден жалтарған. Бұл туралы Қаржы министрлігі жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Мемлекеттік кіріс органдары BAZIS-A компаниясына 4,6 млрд теңге, ал BI Group компаниясына 11,9 млрд теңге салық салынатын кірістерін төмендетіп көрсеткені туралы хабарлама жіберді.

«Бұл талдау 2022-2023 жылдары жалпыға бірдей белгіленген салық режимімен жұмыс істеген компаниялардың өзара есеп айырысуын зерттеу барысында жүргізілді. Тексеру нәтижесінде аталған құрылыс компаниялары арнайы салық режимін (АСР) төлем мөлшерін азайту үшін қолданғаны анықталды», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Қаржы министрлігі камералды бақылау процедурасы арқылы компанияларға тексеріс жүргізбей-ақ кірістерін өз бетінше реттеп, тиісті салықтарды төлеуге мүмкіндік берілгенін мәлімдеді.

«Бұл рәсім салық төлеушілерге салық сомасын дербес түзетуге және заң бойынша төлеуге жағдай жасайды», – деп хабарлады Кірістер комитеті.

Айта кетейік, осыған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов еліміздегі ірі кәсіпкерлерді екі апта ішінде салықты әділетті төлеуге шақырған болатын.

«Көптеген компания бюджетке кірістеріне мүлдем сай келмейтін аз көлемде салық төлейді. Олар әртүрлі схемаларды қолданып, салықтық жүктемені төмендетуге тырысады. Бұл әділетсіз кәсіпкерліктің белгісі», – деген еді Үкімет басшысы.

 

Қазіргі уақытта аталған екі құрылыс компаниясына қатысты тексеріс жалғасуда..

 

Серіктес жаңалықтары