Түркістан облысында деструктивті діни ағым ұстанушылар бопсалау күдігі бойынша ұсталды (ВИДЕО)
Полиция бопсалау қылмысына қатысы бар күдіктілер қолға түсті

Полиция қызметкерлері Түлкібас ауданының аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде деструктивті-діни ағым ұстанушылары мен маргиналды жастардан құралған 7 күдіктіні ұстады. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар, ал екеуі ағайынды болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жедел уәкілдер ұсталғандардың тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде 12 калибрлі 1 карабин, түрлі калибрлі 20-дан астам патрон, 7 дана діни әдебиет, пышақ, рация, казино чиптері және басқа да заттай дәлелдемелерді тәркіледі.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері күдіктілердің бірінің жұмыс орны, яғни цехтың ауласына жасырылған 2 тегіс ұңғылы карабин мен 7 оқ-дәрі тәркіледі.
«Қазіргі уақытта осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған тергеу шаралары жалғасып жатыр», - делінген ПД хабарламасында.