«15 рет қылмысқа барған»: Алматы облысында барымташылар тобы ұсталды (ВИДЕО)
Шығын көлемі 20 миллион

Алматы облысында полицейлер ірі мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Оларға бірнеше ұрлық дерегі бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері екі көлікті тоқтатып, жүк салатын жерде ұрланған жеті ұсақ мал басын тапқан.
Тергеу барысында ұсталғандардың Жамбыл және Қарасай аудандарында мал ұрлығына қатысы бар екені анықталды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген шығын көлемі 20 миллион теңгеден асады.
«Оқиға орнында 28 бен 34 жас аралығындағы үш ер адам ұсталды. Олар қосымша тергеу үшін полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу барысында зардап шеккендердің Жамбыл облысы Дегерес ауылының тұрғындары екені анықталды. Ұрланған мал иелеріне қайтарылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Құқық қорғау органдары қылмыстық топтың сыбайластарын және ұрланған малды сатып алушыларды анықтау мақсатында қосымша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда.