«Мұнай станциясына дронмен шабуыл»: Энергетика министрлігі пікір білдірді
Бұған дейін Украина шабуыл жасағанын растаған еді

Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуылға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) «Кропоткинская» станциясына жасалған ұшқышсыз шабуылға қарамастан, мұнай тасымалын жалғастырып жатыр. Қазақстанның Энергетика министрлігі қазақстандық мұнайға ешқандай шектеулер қойылмағанын мәлімдеді.
«Теңіз – Новороссийск магистральдық мұнай құбыры 17 ақпанда Мәскеу уақытымен сағат 02:50-де «Кропоткинская» мұнай айдау станциясын айналып өтіп, транзиттік режимде іске қосылды», – делінген ведомство хабарламасында.
Бұған дейін Украина Қарулы Күштерінің Бас штабы Ресейдің Краснодар өлкесіндегі мұнай айдау станциясына шабуыл жасалғанын растаған болатын. Бұл станция КҚК жүйесіне тиесілі және Теңіз кен орнынан қазақстандық мұнайды экспорттау үшін қолданылады.