«Шерзат ісі»: полиция тергеу изоляторында туған күн тойлағандарға қатысты пікір білдірді
Бассыздыққа жол берген қызметкерлер шенінен айырылды

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында (УҰИ) орын алған жағдай бойынша тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тексеру нәтижесінде бейнематериалды УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет етіп, жеке ұялы телефоны арқылы түсіргені анықталды. Ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан босатылды. Сонымен қатар, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды», – делінген Ішкі істер министрлігі хабарламасында.
Қызметтік тәртіпті сақтамағаны және бақылауды тиісті деңгейде жүргізбегені үшін 16 басшы мен қызметкер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың кейбірі лауазымынан босатылды, соның ішінде УҰИ басшысы да қызметінен шеттетілді.
ІІМ мұндай тәртіп бұзушылықтарға төзімділікпен қарамайтындарын, олардың алдын алу үшін қатаң шаралар қабылдайтындарын мәлімдеді.
«Бұл тәртіп бұзушылықтар құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, өз қызметін адал атқарып жүрген қызметкерлердің атына кір келтіреді.
Осы жағдайдан кейін УҰИ-де бақылау шаралары күшейтілді: қосымша бейнемониторинг енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерулер басталды», – делінген хабарламада.