$ 502.47  525.83  5.68
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«AMANAT» партиясының қолдауымен 300-ден астам ауыл ауыз сумен қамтылады

Бұл шешім – азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды қадам

«AMANAT» партиясының қолдауымен 300-ден астам ауыл ауыз сумен қамтылады
Фото: istockphoto.com

Ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. «AMANAT» партиясының Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңесінде атқарылған табанды жұмыс нәтижесінде Үкімет өңірлерді сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуге 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Енді ел аумағындағы 367 шағын ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұл шешім – азаматтардың тұрмысын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

«Сумен қамтамасыз ету проблемасын шешу туралы алдымызға мақсат қойдық. Бүгін «AMANAT» партиясы осы мақсатқа қол жеткізді. 100 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Яғни, Қазақстандағы шағын ауылдардың мыңдаған тұрғыны жақын арада ауыз суға қол жеткізеді», – деді кеңес төрағасы, мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев.

Мәселені шешудің негізгі тетіктерінің бірі – кешенді блок-модульдер орнату. Бұл дегеніміз – орталық магистральдардан шалғай орналасқан елді мекендерді де сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін автономды тазарту және сумен жабдықтау жүйелері. Мұндай шешім әсіресе экономикалық тұрғыда ірі су құбыры желілерін тарту мүмкіндігі жоқ шағын ауылдар үшін аса маңызды.

Бұған дейін кеңес отырысында сумен жабдықтау мәселесінің қазіргі жағдайына егжей-тегжейлі талдау ұсынылған болатын. Талқылау қорытындысы бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолданды. Осы ұсыныстар ескеріліп, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жобаны қаржыландыруға қатысты қабылданған шешімді растады.

Осылайша, «AMANAT» партиясының белсенді ұстанымы арқылы мемлекет басшысының Қазақстан халқын таза ауыз сумен 100% қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы жүйелі жүзеге асырылып жатыр. «AMANAT» партиясы бөлінген қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ете отырып, жағдайды жіті бақылауда ұстауды жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары