Қыз-келіншектер 14 ақпанда алған гүлдерін жаппай сатып жатыр
14 ақпан кешінен бастап OLX платформасында гүлдерге қатысты хабарландырулар көбейген

Әулие Валентин күні өткен соң, қазақстандық интернет-платформаларда қолданылған гүлдерді сату туралы хабарландырулар көбейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наш Костанай» басылымына сілтеме жасап.
«Қазақстанда ғашықтар күні 15 сәуір – Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні тойланса да, көп жұп 14 ақпанды да атап өтеді. Осыған байланысты бұл күні гүл, сыйлық, жүрекшелер мен тәттілер көптеп сыйға тартылады. Алайда, бірнеше букет алған қыз немесе қалаусыз сыйлық иелері оларды тастаудың немесе құрбыларына берудің орнына, сатуға шығарған», — деп жазылған хабарламада.
14 ақпан кешінен бастап OLX платформасында қолданылған гүлдерге қатысты хабарландырулар көбейген. Мысалы, 51 ақ раушан – 17 000 теңге. Ал жаңа букет дүкендерде 40 000 теңгеден жоғары тұрады.
- 25-30 қызғылт раушан мен эвкалипт бұтақтарынан жасалған букет – 12 000 теңге. Дүкендегі бағасы 30 000 теңгеден басталады.
- 1 метрлік қызыл раушандар мен ойыншықтардан тұратын букет– 20 000 теңге.
- Кейбір шағын гүл шоқтары бар болғаны 2 000 теңгеден сатылып жатыр.
Бұл үрдіс Қазақстанда жаңа құбылыс болғанымен, әлемнің кей елдерінде кеңінен тараған. Кейбір адамдар үшін гүлдерді қайта сату – қосымша табыс көзіне айналуы мүмкін. Ал гүл сыйлағандар үшін бұл әрекет жағымсыз әсер қалдыруы да ғажап емес. Желі қолданушылары бұл құбылысқа екі түрлі көзқарас танытып жатыр: бірі «ақылды шешім» деп санаса, енді бірі «құрметсіздік» деп бағалады.