Екібастұз тұрғыны WhatsApp-тан бірнеше топ ашып, жұрттың 26 млн теңгесін қағып алған
Оның бұл ісі қаржы пирамидасына ұқсас
Екібастұз тұрғыны қаржы пирамидасына ұқсас алаяқтық іс ашып, 23 адамның 26 млн теңгесін қағып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғарғы соттың мәліметінше, Екібастұз қаласының тұрғыны тез әрі оңай баюдың жолдарын іздеп, жұрттың сеніміне қиянат жасап, ақша табуды ұйғарған. Оның мұндай әрекеттері бұрын да болғаны анықталды.
2020 жылдың соңында ол WhatsApp-та «LiveStyler», «Қарлығаш», «Умножайка», «Шанс» және т.б топтарын құрып, пайда табу үшін жұртты ақша салуға шақырған.
Ол жобалардың сәтті болатынына көз жеткізіп, қаражатын өзінің және жақын туыстарының банктік шоттарына аударған. Ол өзі құрған схеманың табыстылығының көрінісін жасау үшін қатысушыларға жаңа қатысушылар есебінен дивидендтер түрінде алынған қаражаттың бір бөлігін төлеген. Қалғанын жеке қажеттілігіне жұмсаған. Осылайша, ақшасын көбейтемін деген уәдеге сеніп, жәбірленушілердің бірі LiveStyler тобына қосылған.
Ұйымдастырушының қылмыстық ниетінен бейхабар ол 2021 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында алаяқ көрсеткен есепшотқа (оның өзіне, кәмелетке толмаған ұлына және оның күйеуіне тиесілі) 14 млн теңгеге жуық ақша аударған. Осы соманың 8,5 млн теңгесін алаяқ жәбірленушіге адалдық таныту үшін қайтарып берген. Қалған 5,4 млн теңгені ол пайдакүнемдікпен иемденген.
«Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде 23 жәбірленушіге 26 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілген. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлардың айғақтарымен, банк анықтамаларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Жасалған қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатады, заңда оған жазаның баламалы түрлері қарастырылған. Жеңілірек жаза кінәлі түзеуге және жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік бермеген жағдайда ғана жазаның неғұрлым қатаң түрі тағайындалуы мүмкін.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылып отырғанын, қамқорлығында кәмелетке толмаған баласы бар екенін және ауырлататын мән-жайларының жоқтығын ескере отырып, оған 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. 23 жәбірленушінің пайдасына 26 млн теңге материалдық шығын өндірілді», - делінген хабарламада.
Жазаны өтеуден қасақана жалтарған жағдайда бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.