Таразда 15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адам өмір бойына сотталуы мүмкін
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева пікір білдірді
![Таразда 15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адам өмір бойына сотталуы мүмкін](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/10/67a9b84662807339826252.jpg)
Таразда бірнеше күн бұрын 15 жастағы өгей қызынан балалы болған ер адамның ісіне қатысты тың мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаға қатысты Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева пікір білдірді.
«Өгей әке Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша қамауға алынды. 30 қаңтарда іс 122-баптан 120-бапқа өзгертілді», - дейді Динара Закиева редакция тілшісінің сауалына.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 120-бабы бойынша ең кемі 5 жыл қарастырылған. Сол сияқты бұл заңда кәмелетке толмаған адамға қатысты ата-анасы, өгей әкесі, педагог не оны тәрбиелеу жөніндегі міндеттер Қазақстан Республикасының заңымен жүктелген өзге адам жасаса, он жеті жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланатыны көзделген.
Еске салайық, кеше Таразда 15 жастағы қыз өгей әкесінен балалы болғаны хабарланған. Ерлі-зайыптының үш қызы бар: үлкені бірінші некеден, екеуі екінші некеден. Өгей әкесі әйелінің тұңғышын үш жасынан өсірген. Ал қыздың анасы оның жүктілігі туралы толғақ басталғанда ғана білген.