$ 510.49  527.29  5.27
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған шенеунік қатаң сөгіс алуы мүмкін

Ол көлікті әйелі жүргізгенін, бірақ боранға байланысты рөлге небәрі бірнеше минутқа отырғанын айтып ақталды

Көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған шенеунік қатаң сөгіс алуы мүмкін
Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында Зеренді ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, тұрғын үй инспекциясы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Виктор Рукавишников көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырғаны үшін қатаң сөгіс алуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2025 жылғы қаңтар айында әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Рукавишниковтың жүргізуші куәлігінен айырылса да, көлік жүргізгені туралы ақпарат тараған. Қоғам арасында бұл әрекет үлкен резонанс тудырып, көптеген теріс пікір жазылды.

Зеренді аудандық сотының 2025 жылғы 17 қаңтардағы қаулысымен Рукавишников Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 612-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол кінәсін мойындап, заң бұзушылықтарды қайталамауға уәде берді.

Айта кетейік, 2024 жылы Виктор Рукавишников Викторовка ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған кезде, мас күйінде көлік жүргізіп, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Комиссия отырысында Рукавишников бұл жолы кінәсін толық мойындамай, көлікті әйелі жүргізгенін, бірақ боран мен нашар жол жағдайына байланысты өзі рөлге небәрі бірнеше минутқа отырғанын айтып ақталды. Дәл сол сәтте оны полиция қызметкерлері тоқтатқан.

Этикалық кеңес мүшелері Зеренді ауданы әкімдігінен жауап талап етіп, бұрын заң бұзған адам неге жоғары лауазымға тағайындалғанын, оның мамандығы «Қаржы және несие» саласында болса да, неліктен инженерлік қызмет атқарып жүргенін сұрады. 

Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Қанат Жүсіпов бұл сұрақтарға жауап бере отырып, Рукавишниковтың ішкі конкурстан өткенін, заңға сәйкес мемлекеттік қызметке кіруге құқығы болғанын және оның аудан әкімдігінің беделіне нұқсан келтіргенін мойындады.

Комиссия мүшелері Рукавишниковқа қатаң сөгіс жариялауды ұсынды. Енді соңғы шешімді Жоғары этика комиссиясы қабылдайды.

Серіктес жаңалықтары