Енесінің үйінде тұрып, жанжалдан кейін далада қалған: Қостанайда үйсіз қалған отбасы шатырда күнелтіп жүр
Кейін ол құрбысының үйінде уақытша тұрған, алайда оның қайтыс болуына байланысты баспанасыз қалған
![Енесінің үйінде тұрып, жанжалдан кейін далада қалған: Қостанайда үйсіз қалған отбасы шатырда күнелтіп жүр](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/08/67a7458cb3882257643063.webp)
Қостанай қаласында ерлі-зайыптылар мен олардың ұлы Тобыл өзенінің жағасында шатырда өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Наш Костанай» басылымына сілтеме жасап.
Бұл отбасы туралы ақпарат кездейсоқ белгілі болды. Жергілікті «Әлеуметтік бейімдеу орталығында» журналистер үйсіз жүрген Марат Омаровпен кездесіп, оның ұсынылған көмектен бас тартқанын анықтаған. Ол әйелі мен 1992 жылы туған ұлымен бірге Тобыл өзенінің жағасында шатырда тұрып жатыр.
Шатыр ағаштар мен қамыстар арасында орналасқан. Оның маңында ескі киімдер, пластикалық бөтелкелер мен медициналық спирттің бос құтылары шашылып жатқан. Отбасы мүшелері көрпелерге оранып, суықтан қорғануға тырысып отыр екен.
Өзін Мария Омарова деп таныстырған әйел Арқалық қаласынан екенін айтты. Оның сөзінше, отбасы баспана мәселесіне байланысты көшеде қалған. Бастапқыда олар енесінің үйінде тұрған, бірақ жанжалдан кейін ол жерден кетуге мәжбүр болған. Кейін Мария таныс құрбысының үйінде уақытша тұрған, алайда оның қайтыс болуына байланысты баспанасыз қалған.
«Қазіргі жағдайымыз маған ұнамайды, бұл тек аман қалу үшін күрес. Ата-анам жоқ, жазда бауырым қайтыс болды. Менде тек ұлым бар. Күйеуім екі жыл бұрын инсульт алған, содан кейін есін жиі жоғалтады. Ұлым Самат бұрын диірменде жұмыс істеген, бірақ ұрлық үшін сотталғаннан кейін жұмысқа орналаса алмай жүр. Біз мұнда 2023 жылдың мамырынан бері тұрамыз, көктемді күтіп отырмыз. Жылынғаннан кейін достарымыздан көмек сұрап, жұмыс іздеуге тырысамыз», – дейді Мария.
Мария күйеуінің саусақтары үсіп қалғанын, бірақ олар дәрігерге барудан қорқатынын айтты. «Ампутация жасап тастайды деп қорқамыз», – дейді ол.
Сондай-ақ, ол ішімдік ішетінін жасырмады, бірақ оны көп мөлшерде қолданбайтынын атап өтті. Отбасы макулатура, металл қабылдау орындарына өткізетін қалдықтарды жинап күнелтіп жүр. «Мен жұмыс істейін деп едім, бірақ жалақысы өте аз болғандықтан, бас тарттым», – деді Мария.
Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл отбасы туралы билік хабардар, оларға бірнеше рет Әлеуметтік бейімдеу орталығында тұру ұсынылған, алайда олар «шатырда өмір сүру ыңғайлы» деген себеппен одан бас тартқан.
«Оларды мәжбүрлі түрде орналастыра алмаймыз, себебі оларда жеке куәліктері бар», – деп түсіндірді полиция департаментінің өкілі Карина Базарбаева.
Сонымен қатар, полиция үй-күйсіз жүрген адамдардың көпшілігі әлеуметтік орталықтарға орналастырылғаннан кейін қайтадан көшеге оралып кететінін атап өтті.