«Алла разы болсын»: немересін қырқынан шығарған Роза Әлқожа сыйлықтың астында қалды
Әртістің жақындары оны қуанышты жаңалығымен құттықтауға келген
![«Алла разы болсын»: немересін қырқынан шығарған Роза Әлқожа сыйлықтың астында қалды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2025/02/07/67a62148b6a77798172943.jpeg)
Роза Әлқожаға қонаққа келгендер немересінің құрметіне «қойын, майын, көйлек шапанын» сыйлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Салтанат Айбергенова апам құттықтап шығам деген соң Әселді әңгімелесіп отырайық деп шақырып, екі адамға лайықтап ет салып отырғанбыз. Сөйтсек, ар жағында Малика деген жеңешемнің тосын сыйы бар екен.
Аяқ астынан кіріп келіп, қойын, майын, көйлек-шапанын көтеріп келетін бұл біздің елдің дархандығы болар?!» – деп жазады әртіс.
Жақында алғаш «әже» атанған әнші сүйінші сұрап, тосын жаңалығын бөліскен еді. Бүгін сол немересін қырқынан шығарды, ырымдап Салтанат Айбергеноваға шашын қидырған екен.
«Бөпемізді кіші қырқынан шығарып, Салтанат апасындай ғалым болсын деп ырымдап шашын алғыздық. Әбдірахманның әжесінің бұл күндегі әуресі өзіне ұнап жүр. Бесігіміз тербетіле берсін! Келеріміз де, барарымыз да көп болсын!» – деп жазды әнші.