Қазақстанның Ұлттық банкі АҚШ-қа 48 млн доллар берді
Ұлттық банк осыған қатысты хабарлама таратты

Қазақстан Ұлттық банкі 2024 жылы сұраныстан тыс қалған ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын кейін шетелге шығару үшін екінші деңгейлі банктерден (бұдан әрі – ЕДБ) сатып алу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Белгілі болғандай, шетелдік контрсеріктестердің нарықтық бағамы негізінде комиссиялық сыйақы белгіленді. Өткен жылдың соңында ҚҰБ 48 млн АҚШ доллары сомасына ЕДБ-дан қабылданған сұраныста жоқ қолма-қол АҚШ долларларын шығарды.
«Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Ұлттық банк тікелей АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесімен ескі үлгідегі қолма-қол АҚШ долларларын қабылдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізді. Бұл өз кезегінде тасымалдау, сақтандыру секілді басқа да потенциалды шығындарды азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша аталған операциялар бойынша комиссиялық сыйақы 0,3%-ға дейін төмендетілді.
Сұраныста жоқ жиналып қалған қолма-қол АҚШ долларларының мәселесін шешу үшін ҚҰБ бұл операцияларды ЕДБ-ның тиісті сұрау салуына сәйкес уақытша шара түрінде жүргізеді», - делінген хабарламада.