Степногороск қаласында мас жүргізушінің полициядан қашқан видеосы тарады
Оқиға 3 ақпанға қараған түні болған

Степногороск қаласында мас жүргізушінің полициядан қашқан видеосы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ПД мәліметінше, Степногорск қаласында 3 ақпанында сағат 00:30 шамасында Бейбітшілік көшесіндегі үйлердің бірінің жанында патрульдеу кезінде патрульдік полиция қызметкерлері «Мазда» маркалы автокөлікті байқады. Рульде бұрын мас күйінде көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші болған.
Полицейлер тоқтауды талап еткенмен, жүргізуші талаптарын елемей, газды күрт басып, жасырынуға тырысты. Тәртіп сақшылары артынан қуды. Ауа райының қолайсыздығына және тайғақ жолға қарамастан, тәртіп бұзушы айналасындағыларға қауіп төндіре берді. Көп ұзамай ол тоқтауға мәжбүр болды, бірақ ол көліктен шығудан бас тартты.
Полиция қызметкерлері есікті ашуды талап еткенмен, жүргізуші қыр көрсетіп іштен жауып алып, естімегендей кейіп танытты. Талаптарға бағынуға шақырғанмен, ол қырсығып жауап бермей, отыра берді. Тіпті атыс қаруын қолдану туралы ескертулер де оны ойландырған жоқ. Қайта ол оқиға орнынан ізін суытуға тағы да ұмтылды, бірақ қар құрсауы мен мұздың салдарынан оның әрекеті сәтсіз аяқталды.
Жағдайдың тығырыққа тірелгені белгілі болған кезде, полицейлер шара қолдануға мәжбүр болды. Олар көліктің есіктерін тез ашып, құқық бұзушыны автокөліктен шығарып алды.
«Жүргізуші көлік құралын басқарудан шеттетіліп, медициналық тексеруден өту ұсынылды, ол оған келісті. Куәландыру қорытындылары бойынша ер адамның алкогольдік мас күйде болғандығы анықталды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК 346-бабы бойынша «Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаю күйдегі адамның көлік құралын басқару» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды.
Бұдан басқа құқық бұзушыға қатысты полиция қызметкерлерінің талаптарына өрескел бағынбағаны және жасырынуға тырысқаны үшін ҚР ӘҚБтК 613-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды», - делінген хабарламада.