Шетелдің түрмелерінде Қазақстанның неше азаматы жазасын өтеп жатыр
Сотталғандардың басым бөлігі Ресейде отыр
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында шетелде қанша қазақстандық жазасын өтеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір 1100-ге жуық адам шетелдің түрмесінде отыр. Олардың жартысынан көбі Ресей түрмелерінде жазасын өтеп жатыр. Ал Қазақстанда 900-ге жуық шетел азаматы абақтыда отыр. Олардың басым бөлігін елдеріне қайтару бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Себебі оларды қамтамасыз ету үшін қыруар қаржы жұмсалады», - дейді Қойгелдиев.
Оның айтуынша, сотталғандарды қайтару гуманизм тұрғысындағы келісімшарт.
«Ол шетелде сотталғандарға көмек, оңалту ретінде керек. Ал ел азаматтары мен шетелдік азаматтардың түрмеде отыру тәртібіне қатысты айырмашылық жоқ», - деді Бас прокурордың орынбасары.