Алматы облысында алаяқтық жолмен табылған ақшаны криптовалютаға айналдырғандар ұсталды (ВИДЕО)
Ірі дропперлердің ай сайынғы табысы анықталды
Алматы облысында ай сайын 100 млн теңгеден аса пайда тапқан ірі дропперлер тобы әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полиция мәліметінше, олар алаяқтық жолмен алынған ақшаны криптовалютаға айналдырған. Тергеу барысында осы қылмыстық схемаға қатысы бар 20-дан астам тұлға анықталды. Олардың қатарында дроптар, дроп-жетекшілер, кураторлар мен менеджерлер болған.
Әр қатысушы бірнеше банктік шотты (5-7-ге дейін) пайдаланып, әрбір транзакциядан 1-3% мөлшерінде сыйақы алып отырған. Жаңа дроптарды тарту Telegram арналары арқылы жүргізілген.
«Жедел іс-шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 8 миллион теңгеден астам қаржы қозғалысы тоқтатылып, ай сайынғы айналымы 100 миллион теңгеден асатын криптовалюталық әмиян анықталды. Бұл әмиянның қылмыстық схеманы ұйымдастырушыға тиесілі екендігі белгілі болды.
Қазіргі уақытта банктерден қаржылық операциялар туралы ақпарат алу үшін қажетті құжаттар рәсімделіп, анықталған активтерді тәркілеу мәселесі қарастырылып жатыр», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жеті адам ұсталды, олардың арасында үш куратор, бір менеджер және үш дроппер бар. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды.