«Бес күн бойы өте ауыр жағдайда болған»: Жамбыл облысында жолда қалған жүргізуші құтқарылды
Құтқарушылар оқиға орнына жол талғамайтын көлікпен жетті
Жамбыл облысының Қордай асуында қатты аяз салдарынан жанармайы қатқан жүк көлігінің жүргізушісіне құтқарушылар көмек көрсетті. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлімдеді. деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құтқарушылар оқиға орнына арнайы жол талғамайтын көлікпен жетті. Олар жүргізушінің бес күн бойы өте ауыр жағдайда болғанын анықтады.
«Көлік жанармайы қатқандықтан, ер адам тас жолда еш көмексіз қалып қойған. Құтқарушылар оған дереу қажетті көмек көрсетіп, денсаулығын тексерді. Сонымен қатар жүк көлігінің жұмысын қалпына келтіруге көмектесті», – делінген ТЖМ мәлімдемесінде.
Құтқарылған азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне дер кезінде көрсетілген қолдау мен құтқарушылардың кәсіби әрекеттері үшін алғысын білдірді.