Ақтөбеде екі жыл бұрын жөндеуге жабылған бассейн қашан ашылатыны белгісіз
Шенеуніктер жұмысты уақытында аяқтамаған мердігерді кінәлап отыр
«Чайка» бассейні 2023 жылдың сәуір айында жөндеуге жабылған. Содан бері жергілікті билік бірнеше рет ашылады деп уәде берген. Алайда бәрі сөз жүзінде қалып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Diapazon.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мердігер компания «Градстройсервис» ЖШС кінәлі. Соңғы 3-4 ай бойы мәселені шешу жолын іздестіріп жатырмыз. Және тапқан сияқтымыз. Қазір келісімшарт жасалып, ғимараттың жаттығулар жасауға толық дайын екеніне көз жеткізу мақсатында техникалық зерттеу жүргізілуде. Қазір ғимараттың қасбетін жөндеу ғана қалды. Балалар біз жалға алған қаладағы өзге үш бассейнде жаттығып жүр. «Достық» бассейні де жөнделуде, ол ақпан айында ашылады. Ал «Дельфин» бассейні апаттық жағдайда, оны бұзып, жаңасын саламыз», – дейді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шыңғыс Шоқпытов.
«Градстройсервис» ЖШС Ырғыз ауданындағы спорт мектебін де дұрыс жөндемей, қара тізімге енгенін айта кеткен жөн.