$ 529.99  546.63  5.21
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады – депутат

Жаңа жүйе қолданыстағы СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты алмастырады

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылады – депутат
Фото: parlam.kz

Алдағы Мәжілістің жалпы отырысында талқыланатын Заң жобасы белгілі болды. Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің Бірыңғай тізілімі (Тізілім) іске қосылатын болады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, жаңа жүйе қолданыстағы СТ-KZ сертификаты мен Индустриялық сертификатты алмастырады. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін шығындарды азайтып, барлық рәсімді жеңілдетіп, заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

«Реформаның басты мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілердің мәртебесін растау үдерістерін барынша ашық және әділ ету, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін жоғарылату болып саналады. Тізілімде республикада өндірілетін тауарлар, оларды өндірушілер, қызмет түрлері, жұмысшылар саны мен өндіріс көлемі туралы толық ақпарат қамтылатын болады.

Жаңа жүйе қазақстандық тауар өндірушілердің барлық реттелетін сатып алуға қатысуына жол ашатын тиімді құрал болмақ, сондай-ақ бұл тетік мемлекеттік қолдаудың қаржылай және қаржылай емес шараларын ұсынуды жеңілдетіп, барынша қолжетімді етеді.

Тізілім қолданыстағы платформаға қарағанда негізгі артықшылықтарға ие болады», - деп Нұртай Сабильянов тізбектеп шықты.

Біріншіден, мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде скорингтік жүйені қолдану адами факторды жою арқылы процесті әлдеқайда объективті және ашық етеді.

Екіншіден, жеке сараптамадан мемлекеттік сараптамаға көшу негізсіз шешімдер қабылдау тәуекелдерін азайтып, жауапкершілікті нақты бөледі.

Үшіншіден, тізілім шеңберіндегі қызметтер өтеусіз негізде көрсетілетін болады, бұл өндірушілерге мемлекеттік қолдауға қол жеткізуді жеңілдетеді.

Жаңа ережелер бойынша тауар өндірушілердің өтініштері оларды тапсырған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде қаралады деп көрсетіліп отыр. Өтініш берушіге хабарлама жеке кабинет арқылы жіберіледі. Егер бейнемазмұн жеткіліксіз болса, бару арқылы тексеру шешімі қабылданады. Өтініштерді қараудың ең ұзақ мерзімі – 15 жұмыс күні.

«Заң жобасы Парламент Мәжілісінде жан-жақты талқыланып жатыр. Талқылау кезеңіне депутаттар, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес және сараптамалық қоғамдастықтардың өкілдері қатысуда.

Парламент Мәжілісінде жұмыс тобының 10-нан астам отырысы және Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің кеңейтілген отырысы өткізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін әзірлеу – Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып саналады», - дейді Нұртай Сабильянов.

Серіктес жаңалықтары