«Ойын ойнап жатқанда телефонын тартып алған»: Астанада ашуға булыққан жас жігіт ағасын пышақтап өлтірді
Тағы үш туысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Астанада 21 жастағы жігіт туыстарына шабуыл жасап, бір адамды өлтіріп, тағы үш туысын ауыр жарақаттады. Қайғылы оқиға 17 қаңтар күні таңғы сағат 4 шамасында Ғабиден Мұстафин көшесіндегі тұрғын үйде болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Astana_sergek хабарлауынша, күдікті Free Fire ойынын ойнап жатқан кезде туыстары оның телефонын тартып алған. Ашуға булыққан жігіт түнде олар ұйықтап жатқанда шабуыл жасаған.
«1997 жылы туған ағасы оқиға орнында қайтыс болды. Үш отбасы мүшесі ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді», — делінген хабарламада.
Астана қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
«21 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, жанжалға туыстарының ескерту жасауы себеп болған. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.