Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне сұхбат берді
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында атом электр стансасын салу туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланды. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық. Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр», — деді президент.
Оның сөзінше, биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды.
«Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор», — деді ол.
Айта кетсек, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылдың қорытындыларына тоқталып, еліміз бойынша жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынғанын айтқанын жазған едік. Сонымен қатар ол елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесетке жауап берді. Сондай-ақ Тоқаев тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы да айтты және қазақ тілі туралы өзекті мәселелерді қозғады. Әрі Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бергенін, тергеу ашық жүргізілгенін айтты. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасына тоқталып, Талғардағы оқиға туралы пікір білдірді және уақыт белдеуі туралы айтты. Сонымен қатар жаңа құрамы жасақталғанына 11 ай болған Үкіметтің жұмысына баға берді, әрі сыбайлас жемқорлық туралы айтты.