$ 527.3  544.86  4.95
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ақтөбе облысында ер адамды жаңа жыл түні тоқ соғып өлтірді

Оқыс оқиғаға жаңа жылға бірнеше сағат қалғанда болған

Ақтөбе облысында ер адамды жаңа жыл түні тоқ соғып өлтірді
Фото: Видеодан скриншот

31 желтоқсан күні электр қосалқы станциясында ер адам қайтыс болды. Оқиға Ақтөбе қаласының іргесіндегі Нокина ауылында жаңа жылға бірнеше сағат қалғанда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауылда кезекті рет жарық өшіп, жергілікті тұрғын қосалқы станцияға кеткен. Өкінішке қарай, сол жерде оны тоқ соғып, арты өртке ұласады. Марқұм ер адам 38 жаста болған. 2 қаңтар күні ол жер қойнына тапсырылды.

Ақтөбе облысының полиция департаменті қосалқы станциядан мәйіт табылғанына байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Өлімнің алдын ала себебі - электр тоғының соғуы.

Бұл оқиғаға «Энергосистема» ЖШС түсініктеме берді. Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, трансформаторлық қосалқы станцияда өрт шыққаны туралы дабыл түскен соң, сағат 18:00 шамасында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оны уақытша тоқтан ажыратқан. Осыған байланысты кейбір тұтынушылар электр жарығынсыз қалды. Мүмкіндігінше (18:50-де) электр қуатын беру қалпына келтірілді.

«Энергосистема» мекемесінің мәліметінше, 10кВ тарату құрылғысының есіктері күшпен ашылғанымен, қосалқы станцияның жабдығы бүлінбеген. Трансформатордың өртену іздері табылған жоқ.

«Энергиямен жабдықтау нысанында мәйіт табылған соң сотқа дейінгі іс-шаралар жүргізілуде. «Энергосистема» ЖШС ұжымы марқұмның туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Біз интернет пайдаланушыларды тек тексерілген ақпаратқа сенуге және қауесет таратпауға шақырамыз», - деді компания.

Серіктес жаңалықтары