Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайды коронавирустың шығу тегі туралы мәліметтерді ашуға шақырды
Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) COVID-19 пандемиясының басталғанына бес жыл толғанда Қытайды вирустың шығу тегі туралы мәліметтерді ашуға шақырды. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ДДСҰ бұл өтінішін «моральдық және ғылыми қажеттілік» деп түсіндірді.
«Елдер арасында ашықтық, ақпарат алмасу және ынтымақтастық болмаса, әлем болашақ эпидемиялар мен пандемиялардың алдын алуға және оларға дайындалуға қауқарсыз болады», – делінген ұйым мәлімдемесінде.
COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемде 7 миллионнан астам адамның өмірін қиып, жаһандық экономикаға үлкен зиян келтірген еді.
2021 жылдың желтоқсанында, коронавирустың шарықтау шегінен кейін, әлем елдері пандемияның алдын алу, оған дайындық және әрекет ету туралы келісім жасау жұмыстарын бастады. ДДСҰ-ға мүшк 194 мемлекет бұл құжатты мақұлдады. Кейбір практикалық аспектілер бойынша әлі де талқылаулар жүріп жатыр.