Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты: қара жәшіктен ұшқыштардың әңгімелері туралы деректер алынды
Ұшқыштардың әңгімелерінен ұшақтың құсқа соғылғаны немесе шассиінің зақымданғаны туралы ақпарат алынуы мүмкін
Оңтүстік Кореядағы Jeju Air әуе компаниясының апатқа ұшыраған ұшағындағы қара жәшіктен ұшқыштардың әңгімелері жазылған деректер алынды. Бұл туралы The Hankyoreh басылымы жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .
Ұшақта екі борттық жазғыш орнатылған. Бірінші қара жәшіктің деректері сәтті алынса, екіншісінің шифрін оқу жұмыстары оның зақымданғанына байланысты ұзаққа созылып жатыр.
«Оңтүстік Кореяның Көлік министрлігінің азаматтық авиация департаменті алынған деректерді дыбыстық файлдарға түрлендіру жұмыстары басталғанын хабарлады. Бұл тергеу барысында оқиғаны тереңірек талдауға мүмкіндік береді», – деп жазды басылым.
Мамандардың айтуынша, қара жәшік деректері апаттың себебін анықтауда маңызды рөл атқарады. Ұшқыштардың әңгімелерінен ұшақтың құсқа соғылғаны немесе шассиінің зақымданғаны туралы ақпарат алынуы мүмкін.
Еске салсақ, 29 желтоқсанда Бангкоктан Муан қаласына ұшып шыққан Jeju Air әуе компаниясының ұшағы әуежайда ұшып-қону жолағынан шығып, қоршауға соғылған болатын. Апат салдарынан 179 жолаушы қаза тауып, тек екі бортсерік қана аман қалды.