Сыртқы істер министрлігі функцияларына өзгерістер енгізілмек
Министрлікке бірқатар жаңа функция қосылады
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің функцияларына бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы ресми құжат жобасында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, министрлік дипломатиялық қызмет саласында нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және бекіту құзыретіне ие болады. Бұрын бұл тек министрліктің жалпы құзыреті шеңберінде қарастырылған болса, енді арнайы бағыт ретінде көрсетілмек. Сонымен қатар ресми көмек көрсету саласында нормативтік актілер әзірлеу және бекіту функциясы қосылады.
Халықаралық шарттарды әзірлеу және бекітуге қатысты ағымдағы және болашақ жоспарларын жасау функциялары алып тасталмақ. Бұл министрлік жұмысын жеңілдетуге және басым бағыттарға көңіл бөлуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Шетелдік іссапарларға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану ережелерін әзірлеу және бекіту функциялары нақтыланады. Бұл өзгеріс шетелдік іссапарларға бөлінген қаражаттың тиімді және мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Министрлік шетелдік дипломатиялық және консулдық өкілдіктерді, халықаралық ұйымдарды тіркеу және олардың персоналын аккредитациялау рәсімдерін бекіту құзыретіне ие болады. Бұл Қазақстандағы халықаралық ұйымдардың жұмысын реттеуге және үйлестіруге оң әсерін тигізеді деп күтіліп отыр.
Сонымен қатар министрлікке бірқатар жаңа функциялар қосылады. Олардың ішінде дипломатиялық дәрежелер беру тәртібін әзірлеу, халықаралық ұйымдарға жұмысқа жіберілген тұлғаларға өтемақы төлеу тәртібін жасау, Қазақстанның дипломатиялық қызмет персоналының шетелдегі еңбек жағдайларын реттеу, шетелде жұмысқа қабылданған штаттан тыс қызметкерлердің еңбек жағдайларын бекіту сияқты маңызды міндеттер бар. Сондай-ақ, еңбек саласына қатысты типтік нормалар мен нормативтерді әзірлеу және бекіту жұмыстары да жоспарланып отыр.