Ақтаудағы ұшақ апаты: аман қалған екі қырғызстандық еліне оралады
Олар 30 желтоқсанда кетеді деп жоспарланып отыр
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккен екі Қырғызстан азаматы 30 желтоқсан күні отанына оралады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg-ке сілтеме жасап.
28 желтоқсан күні Ақтауға Қырғызстанның құзырлы органдарының өкілдері келді. Елшілік қолдауымен олар зардап шеккен азаматтармен кездесіп, қажетті көмек көрсетті.
«Қазіргі уақытта 1998 жылы туған Қырғызстан азаматы А.Р.-ді арнайы жабдықталған ұшақпен тасымалдау ұйымдастырылып жатыр. Қалған зардап шеккендердің жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр. Олар 30 желтоқсан күні Қырғызстанға қайтады. Сапар кезінде оларға құзырлы органдардың өкілдері мен жақын туыстары ілесіп жүреді», — делінген материалда.
Қырғызстан елшілігі зардап шеккендерге өтемақы төлеу мәселесімен айналысып жатыр. Өтемақы көлемі жақын арада анықталып, тиісті тұлғаларға бағытталады.