Астанада полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті
Бұл қылмыстар мен заңсыз әрекеттердің алдын алуға бағытталған
Астанада Жаңа жыл мерекесіне байланысты полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Күшейтілген шаралар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстар мен заңсыз әрекеттердің алдын алу және оларды болдырмау мақсатында қабылданды. Мереке күндері адамдар көп жиналатын орындарда қауіпсіздік шаралары күшейтіледі», — деп жазылған хабарламада.
Ұлттық ұланның №5573 әскери бөлімінде полицияның жеке құрамына арналған жалпы гарнизондық саптық жиын өтті. Қызметкерлердің тапсырмаларды орындауға дайындығын Астана қалалық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев тексерді.
Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз әрі бейбіт мереке өткізу үшін барлық қажетті шаралар қолға алынғаны хабарланды.