Алматы облысында құны 1,1 млрд теңге тұратын кәсіпорын заңсыз жекешелендіріліп кеткен
Енді сатып алу-сату шарты заңсыз деп танылып, кәсіпорын мемлекеттік меншікке қайтарылды
Алматы облысында 2017 жылы халықты ауызсумен қамтамасыз ететін «Таусамалы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнын жекешелендіру кезінде сауда-саттық өткізу тәртібінің бұзылғаны анықталды. Кәсіпорынның құны 1,1 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заңдылықты қалпына келтіру мақсатында прокуратура заңсыз жекешелендірілген мүлікті мемлекеттік меншікке қайтару және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді.
«2024 жылғы 21 қазанда Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен прокуратураның талаптары толық қанағаттандырылды. Сатып алу-сату шарты заңсыз деп танылып, кәсіпорын мемлекеттік меншікке қайтарылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
«Таусамалы» кәсіпорнының мемлекеттік меншікке қайтарылуы аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етуге және халық мүддесіне сай кәсіпорын қызметін бақылауды қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - делінген прокуратура хабарламасында.