СҚО-да бүлдіршіндердің уланып, қайтыс болу оқиғасы: тергеу қайта басталды
Кешкі астан екі бала қайтыс болған
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылда бір отбасында бүлдіршіндердің уланып, қайтыс болғаны туралы іс қайта жалғасты. Облыстық прокуратура қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күшін жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға биыл жазда Солтүстік Қазақстан облысының Надежка ауылында болды. Үш баласы бар отбасы кешкі астан уланған. Алдымен үйінде үш жасар бала көз жұмды, сәлден соң жеті жасар қыз ауруханада қайтыс болды. Ата-анасы мен 10 жастағы баласы ғана аман қалды.
Полиция қылмыстық іс қозғағанымен, тергеу тоқтатылған.
«2024 жылдың жазында Қызылжар ауданында болған отбасының тамақтан улануы фактісі бойынша облыстық прокуратура мынаны хабарлайды: облыстық полиция департаменті ҚР ҚК 304-бабының 3-бөлігі абайсызда екі адамның өліміне әкеп соққан санитарлық ережелерді бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Тергеу органының қылмыстық істі құқық бұзушылықтың болмауына байланысты қысқарту туралы қаулысының күшін облыс прокуратурасы қосымша тергеу әрекеттерін жүргізу мақсатында жойды», - деп хабарлады СҚО прокуратурасы.
Петропавловск.news хабарлағандай, бір күн бұрын зардап шеккен отбасыны облыс прокурорының орынбасары қабылдаған.