$ 510.78  576.06  6.35
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Тоқаев биыл ұшақ пен тікұшақта 245 сағаттан астам уақыт ұшты

Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті

Тоқаев биыл ұшақ пен тікұшақта 245 сағаттан астам уақыт ұшты
Фото: Ақорда

Еліміздің сыртқы саясаттағы жетістіктеріне арнайы тоқталған жөн. Қазақстан биыл алты халықаралық ұйымға, атап айтқанда, ШЫҰ, ТМҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ-ға, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына, сондай-ақ Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етті. Бұл туралы ҚР президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли «Егемен Қазақстан» басылымына жариялаған мақаласында қозғап өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Франциямен бірге Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастырды. Осы жауапты миссияларды еліміз абыроймен атқарып шықты. Жоғары деңгейдегі кездесулерде маңызды бастамалар көтеріп, тиісті құжаттардың қабылдануына ұйытқы болды. Егемен әрі дербес ел ретінде өзінің саяси, экономикалық, әскери қауіпсіздік салаларындағы басымдықтарын ілгерілете түсті.

Жыл басынан бері мемлекет басшысы Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды. Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Бұдан басқа, елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді.

Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.

Салиқалы саммиттер. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы­на төрағалық аясында шілде айында Астанада аталған құрылымның 24-саммиті өтті. Қазақстанның Ұйымға төрағалық ету кезеңінде түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара ұйым­дастырылып, ұйымның шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықты. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың саны көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Алматы қаласы 2023-2024 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасына айналды.

Биыл еліміз Түркі мемлекеттері ұйымына лайықты төрағалық етті. Осы кезеңде 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды. Ортақ түркі әліпбиінің нұсқасы бекітілді. Бес күн бойы Ұлы дала төсін дүбірге бөлеген V Дүниежүзілік көшпелілер ойындары осы ұйымның аясында ұйымдастырылған ең маңызды шараның бірі болды. Дүбірлі додаға 90 елден 2 500-ге жуық спортшы келіп, күш сынасты.

Серіктес жаңалықтары