Ақтауда көшпелі хайуанаттар бағының иесіне айыппұл салынуы мүмкін
Волонтерлер зообақтағы жануарлардың нашар жағдайда ұсталып жатқанына шағымданған

Ақтауда көшпелі хайуанаттар бағының иесін жауапкершілікке тарту жоспарланып отыр. Волонтерлер аталған зообақтағы жануарлардың нашар жағдайда ұсталып жатқанына шағымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Волонтерлердің өтініштерінен кейін Ақтау қаласының ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы зообаққа тексеріс жүргізді. Жануарлардың ветеринариялық анықтамалары мен төлқұжаттары бар екені, сондай-ақ олардың екпе алғаны анықталған.
«Біздің құзыретіміз аясында заң бұзушылықтар анықталған жоқ», – деп хабарлады ведомство.
Дегенмен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының мәлімдеуінше, хайуанаттар бағының иесі жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 407-2-бабына сәйкес, кәсіпкерге 30 айлық есептік көрсеткішке дейін (110 760 теңге) айыппұл салу көзделген.