Атырауда көлігін абайсызда сызып кеткен адамды аяусыз соққыға жығып өлтірген азамат 8 жылға сотталды
Оқиға маусым айында болған
Атырау қаласының №2 сотында адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын салу фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды. Сотталушыға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 3-бөлігімен айып тағылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға осы жылдың жазында «Дина» базарында бірінде болған. Жәбірленуші жүк көлігін жүргізу кезінде жеңіл автокөлікке зақым келтірген. Жеңіл көлік иесі бұған ашуланып, жәбірленушінің басына бірнеше рет жұдырықпен соққы жасаған. Алынған жарақаттар салдарынан жәбірленуші оқиға орнында қайтыс болған.
Бейнебақылау камерасына ер адамның екінші бір азаматты аяусыз соққыға жыққаны түсіп қалған.
Прокурор сотталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талапты ішінара қанағаттандыруды сұрады.
Жәбірленуші тарап қатаң жаза тағайындауды және азаматтық талапты толық қанағаттандыруды талап етті.
Сотталушы кінәсін мойындап, бірақ қасақана адам өлтіру ниеті болмағанын айтып, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
«Сотталушының кінәсі куәгерлердің жауаптары, бейнежазбалар және басқа да айғақтар арқылы дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігіне сәйкес, 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сотталушының жас балаларының болуы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен сотталушы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, моральдық залалды өтеу туралы азаматтық талап ішінара қанағаттандырылды», - делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.