«Алтын домбыра»: «AMANAT» партиясы қолдау көрсеткен аламан айтыс өз мәресіне жетті
Сайысқа түскен барша ақынға сый-сияпат жасалды
«AMANAT» партиясының қолдауымен Тәуелсіздік күні қарсаңында қанат жайған «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі дода биыл «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өз кезегінде, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық өнерімізге әркез қолдау көрсетіп келе жатқанын жеткізді.
«Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті келер жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған болатын. Сондықтан, «Төрлет, еңбек адамы» тақырыбында ұйымдастырылған бұл айтыстың басты мақсаты – адал еңбек иелерін дәріптеу, төрге шығару және насихаттау. Міне, екі күн бойы ерке Есілдің бойында – Астана төрінде аламан айтыстың куәсі болдық. Елдің айызын қандырған, айбарын асырған дода болды деген ойдамын. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді партияның Атқарушы хатшысы.
Осы орайда, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы, белгілі ақын Жүрсін Ерман айтыс өнерінің мәні мен маңызына тоқталды.
«Бүгінгі айтыс – қазақ жырының тойы, жыр жәрмеңкесі. Мұндай айтысты көрген де бар, көрмеген де бар. Айтыс – киелі өнер. Оны әрдайым қолдап, қорғаштай білу қажет», – деді ол.
Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова жиналған көпшілікті өнер мерекесімен құттықтап, ақындар қауымына алғысын білдірді.
«Қашан да қазақ халқы үшін еңбек адамының мәртебесі биік. Сондықтан, бүгінгі айтыстың тақырыбы кездейсоқтық емес. Айтыс – халқымыздың биік өнері. Айтыс – атадан балаға мирас болған мұра. Ал ақындарымыз халықтың мұң-мұқтажын жырлап, әркез еліміздің сенім үдесінен шығып келеді. Төл өнеріміз төрге оза берсін», – деді вице-министр.
Осылайша, екі күнге созылған жыр аламанында қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы ақтөбелік Нұрбол Жауынбаевқа, 2-орын жетісулық Айым Асылбекқызына бұйырды. 3-орынды қарағандылық Дидар Қамиев, павлодарлық Аспанбек Шұғатаев және ұлытаулық Өміржан Көпбосын өзара бөлісті.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусинаға «Көрермен көзайымы» жүлдесі мен «Айтыс ақтаңгері» атағы беріліп, темір тұлпардың кілті табысталды. Ал арнайы жүлдені алматылық Қазірет Бердіхан және Шұғайып Сезімхан, шымкенттік Біржан Байтуов, астаналық Әсем Ережеқызы иеленді.
Сайысқа түскен барша ақынға сый-сияпат жасалды.