Түркістан облысында 30-ға жуық ауыл ішімдіктен бас тартты
Қоғамдық тәртіптің сақталуына ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар зор үлес қосып келеді

Түркістан облысында «Ішімдіксіз ауыл» жобасына қолдау білдірген елдімекендер саны артып келеді. Бүгінде бұл игі бастамаға 30-ға жуық ауыл қосылды. Оның ішінде Ордабасы мен Мақтаарал аудандарында 5 ауылдан, Келес ауданында 4 ауыл, Сайрамда 3, Қазығұрт, Төлеби, Сауранда 2 ауылдан, ал Отырар, Жетісай және Арыста 1 ауылдан тұрғындар ішімдік сатудан бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мысалы, Сауран ауданының Нұртас ауылында 1835 адам тұрады. Ауылда 1 мектеп пен 2 балабақша жұмыс істесе, тұрғындарға 3 дүкен қызмет көрсетеді. Нұртас тұрғындары ауыл шаруашылығымен айналысып, құрт пен май өндіріп, мал бағып күн көруде. Қоғамдық тәртіптің сақталуына ауыл ақсақалдары мен белсенді жастар зор үлес қосып келеді.
Ауыл тұрғындары «атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы ұстанып, бірлескен сенбіліктер өткізіп, ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар, олар ауылдағы тыныштық пен тәртіпті қамтамасыз етуде учаскелік полиция инспекторларының еңбегін жоғары бағалап, алғыстарын білдіруде.
«Учаскелік полиция инспекторлары әр үйдің жағдайына қанығып, қылмыстың алдын алу бағытында тұрақты жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде, аталған 30-ға жуық ауылда бірнеше жыл қатарынан қылмыс тіркелмеген. Бұл жобаның басты мақсаты – қоғамның тыныштығын сақтау мен қылмыссыз орта құру. Ішімдікке қарсы бастаманы қолдаған ауылдар санының артуы қылмыссыз қоғам құру жолында зор үлес қосып отыр», - делінген хабарламада.