Оралда көлік ұрлаған күдікті 30 минут ішінде ұсталды
Тергеу барысында күдіктінің мас күйде болғаны және көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылғаны белгілі болды

Орал қаласында патрульдік полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, көлік ұрлаған күдіктіні қысқа уақытта қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy БҚО полиция департаментіне сілтеме жасап.
6 желтоқсанға қараған түні қала тұрғыны полицияға өзінің "Рено" маркалы көлігінің ұрланғаны туралы хабарлады. Иесінің айтуынша, ол көлігін үйдің ауласына қойып, қозғалтқышын өшірместен бірнеше минутқа қараусыз қалдырған. Осы сәтті пайдаланған бейтаныс адам көлікке отырып, жасырынуға тырысқан.
«Хабарлама түскен бойда “Тосқауыл” жоспары енгізілді. Бейнебақылау камералары арқылы көліктің бағыты анықталып, 30 минут ішінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктіні ұстады. Көлік иесіне қайтарылды», - делінген хабарламада.
Тергеу барысында күдіктінің мас күйде болғаны және көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылғаны белгілі болды. Қазір бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.