Қостанайда мемлекеттік қызметкер мен ЖШС директоры сотталды
Күдіктілер кінәларын толық мойындады
Қостанай қаласының №2 соты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің төрағасы А.-ға және ЖШС директоры О.-ға қатысты сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық істі қарады. Олар пара алу және пара беру әрекеттері үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.
Тергеу барысында анықталғандай, 2024 жылдың маусым айында А. ЖШС директоры О.-ның қызметкері арқылы 2 миллион теңге көлемінде пара алған. Тамыз айында тағы бір кездесуде, пестицидтерді бір көзден сатып алу туралы келісімшарт жасасқаны үшін, О.-дан қосымша 2,4 миллион теңге көлемінде пара алғаны дәлелденді.
Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілер кінәларын толық мойындап, өкініш білдіргендіктен, іс жеделдетілген тәртіпте қаралды.
«Сотталушылардың кінәларын мойындауы және өкініш білдіруі жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерілді. Алайда олардың жасаған әрекеттері ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары санатына жататынын ескере отырып, сот үкімімен А. мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. О. мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, алынған 4 миллион теңге пара мемлекет кірісіне тәркіленді, ал қалған сомасы – 400 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.