Алматы облысында ер адамнан синтетикалық есірткінің ірі партиясы тәркіленді
Тәркіленген заттың жалпы құны 3 миллион 150 мың теңгені құрайды
Алматы облысының Алатау қаласында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер 29 жастағы ер адамды ұстады, одан тінту кезінде ерекше иісі бар ұнтақ заттың 143 орамы табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Зертханалық зерттеулер қорытындысы бойынша тәркіленген заттың жалпы салмағы 156,18 грамм “Alfa-PVP” синтетикалық препараты екені анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасуда», – деді полиция қызметкерлері.
Айта кету керек, 156 грамм тәркіленген заттың жалпы құны 3 миллион 150 мың теңгеге, яғни 314 дозаға тең.
Естеріңізге сала кетейік, «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге бағытталған. Осы жұмыс қылмыспен тиімді күресуге және өңірдегі қауіпсіздікті жақсартуға ықпал етеді.