$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Су тасқынына қарсы бөлінген 300 млн теңгені жымқырған: Ақмола облысында әкімдік қызметкері ұсталды

Одан бөлек тағы бірнеше компанияның басшысы ұсталды

Су тасқынына қарсы бөлінген 300 млн теңгені жымқырған: Ақмола облысында әкімдік қызметкері ұсталды
Фото: Ақорда

Ақмола облысында Атбасар ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімі, «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС басшылары су тасқынына қарсы шараларға бөлінген 300 млн теңгеден астам қаражатты ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық прокуратура мәліметінше, бұл қаражат 2021 жылы Үкімет резервінен Атбасар ауданында су тасқыны аймағында тұратын 200 жанұяны көшіру үшін екі 100 пәтерлі үй салуға бөлінген.

«Күдіктілер әрекеттері аса ірі көлемде жымқыру – талан-таражға салу, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі бойынша сараланды. Аталған бап бойынша мүлкін тәркілеумен қоса 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Екі күдікті сот санкциясымен күзетпен ұстауға, қылмысқа үшінші серіктес үйқамаққа алынды.

Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Алматы, Астана қалаларында коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс құрылғылар және банктік шоттарда 50 млн теңгеден астам ақшалай қаражат табылды. Тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 млн теңгеден асты», - делінген прокуратура хабарламасында.

Сол сияқты айтылған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, пайда табылғаны да анықталды.

Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату), яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Бұл үшін мүлкін тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

«Қазіргі уақытта, қылмыстық процеске қатысушылармен қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр. Соңғы нүктені іс бойынша сот қоятын болады», - деп хабарлайды ведомство.

Айта кетейік, жуырда су тасқынына жиналған 1,5 млрд теңгені ұрлады деген күдікпен танымал блогер Перизат Қайрат ұсталған болатын.

Серіктес жаңалықтары