$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«4 жасар бала кәріз құдығына құлап, мерт болды»: Атырауда балабақша директоры мен тәрбиешісі сотталды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

«4 жасар бала кәріз құдығына құлап, мерт болды»: Атырауда балабақша директоры мен тәрбиешісі сотталды
Фото: depositphotos.com

Атырауда үстіміздегі жылдың шілде айында «Чебурашка» балабақшасының кәріз құдығына құлап, мерт болған төрт жасар баланың өліміне қатысты іс бойынша айыпталған балабақша директоры мен тәрбиешісі сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облыстық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аталған оқиғаға кәнілілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар С. мен Д.-ға ҚР Қылмыстық кодекстің 141-бабының 2-бөлігімен айып тағылған. 

«Сотталушы С. 2023 жылғы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына «Д» жеке кәсіпкерлігін тіркеген. Содан кейін «Чебурашка» квазимемлекеттік балабақшасын ашу үшін сол жылғы 26 мамырда Атырау қаласынан екі қабатты ғимаратты жалға алған. Ал, 2023 жылғы 7 шілдеде балабақша директорының бұйрығымен Д. топ тәрбиешісі қызметіне жұмысқа алынған. Функционалдық міндеттері бойынша сотталушылар балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапты болған. 2023 жылғы 1 қарашада 2020 жылы туған М. сотталушы Д.-ның тобына қабылданған. Биылғы 10 шілдеде сағат 10:45 шамасында С. және Д. өздерінің функционалдық міндеттерін тиісінше орындамай, М.-ны қараусыз қалдырған. Нәтижесінде М. кәріз құдығына құлап, қазаға ұшыраған», - делінген сот хабарламасында.

Осы іске байланысты прокурор сотталушыларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3, ал, бас бостандығын 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Кінәларын мойындаған сотталушылар және олардың қорғаушылары бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сотталушылардың кінәлары оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденген. 

Сот жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде мынадай жайттарды ескерді. Мәселен, С.-ның кінәсін мойындауына, отбасылық және денсаулық жағдайына назар аударды. Ал Д.-ның кінәсін мойындағаны, асырауында кәмелетке толмаған балалары бары ескерілді. 

«Сотталушылар айып тағылған баппен кінәлі деп танылды. Оларға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жылға, бас бостандығын 2 жыл 6 ай мерзімге айыру жазасы тағайындалды. ҚР Қылмыстық кодексінің 63-бабын қолданылып, жаза шартты түрде тағайындалды. Белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді», - делінген сот хабарламасында.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары