Қазақстанда өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады
Қор арқылы өңдеуші кәсіпорындарға 3 проценттен аспайтын несие берілмек

ҚР Үкіметі коронавирус пандемиясы әсерінен болған дағдарысқа ұшыраған бизнесті қолдауға арналған кешенді шараларды бастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Өңдеу өнеркәсібі субъектілері мөлшеріне қарамастан Ұлттық Банк бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады. Бұл жайында Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.
«Ұзақ мерзімді шарттарды ұлттық даму институттары «тұрақты кепіл» ретінде қабылдайтын болады.Өңдеу өнеркәсібі субъектілері «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алады. Сонымен қатар, экспорттық кредит берілетін болады. Бірнеше банктің бір қарыз алушыны бірлесіп кредиттеу үшін банктік синдикатталған кредит беру жоспарлануда», - деді Р.Дәленов.
Сонымен бірге Өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы өңдеуші кәсіпорындарға 3 проценттен артық емес мөлшерлеме бойынша несие берілмек.
«Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк-келісімшарттар жасау. Жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі. Одан басқа, жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 процентке дейін өтеуді ұлғайту жоспарлануда», - деді министр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан